31/08/2026
28 тамыз күні Түркістан қаласында Түркістан облысының дерматовенерологиялық қызметінің 100 жылдығына арналған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
«Оңтүстік Қазақстанның дерматовенерологиялық қызметінің ғасырлық жолы: инновациялар, сабақтастық және эндемиялық аурулар мәселелері» атты конференция жұмысына еліміздің барлық аймақтарынан, сондай-ақ Ресей, Өзбекстан, Латвия, Татарстан және Қарақалпақстаннан келген 200-ге жуық жетекші маман қатысты. Қатысушылар қатарында ҚДИАҒО қызметкерлері де болды.
Қатысушылар жұқпалы және созылмалы тері ауруларының алдын алу, диагностикалау және емдеудің заманауи әдістерін, сондай-ақ әлемдік ғылымның соңғы жетістіктерін талқылады.
Іс-шара аясында Түркістан облысының денсаулық сақтау басқармасы, облыстық дерматовенерологиялық диспансер, Өзбекстан Республикасының Республикалық мамандандырылған ғылыми-практикалық медициналық орталығы және оның Қарақалпақстандағы аумақтық филиалы арасында өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы үшжақты меморандумдарға қол қойылды.
Конференция барысында академик Мұқан Еғізбаев атындағы сыйлықтың төртінші табыстау рәсімі өтті. Дерматовенерологиялық қызметтің дамуына елеулі үлес қосқан жетекші мамандар марапатталды.
Айта кетейік, бүгінде Түркістан облысының дерматовенерологиялық қызметі республикадағы ең ірі қызметтердің бірі болып саналады. 1926 жылы құрылған Түркістан облыстық дерматовенерологиялық диспансерінде 300-ден астам маман еңбек етеді. Мекеме облыс пен Шымкент қаласының 3,5 миллионға жуық тұрғынына медициналық көмек көрсетеді. Былтыр диспансерде 155 мыңнан астам пациент медициналық көмек алды.
Фото: Түркістан облысының әкімдігі