29/10/2026
Перинаталдық көмектен бастап балалар хирургиясына дейін: Қазақстанда медициналық инфрақұрылым кеңейтіледі
Қазақстан халқына Жолдауында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ана мен бала денсаулығын қорғау инфрақұрылымын дамыту жоспарларын белгіледі. 2029 жылға дейін елімізде 20 жаңа денсаулық сақтау нысанын салу жоспарланып отыр.
Олардың қатарында балалар медицинасына арналған үш ірі республикалық орталық бар:
• Астанадағы 200 төсектік «Балаларға шұғыл медициналық көмек көрсету орталығы»;
• Астанадағы 350 төсектік «Балалар хирургиясы орталығы»;
• Алматыдағы 500 төсектік «Республикалық көпбейінді педиатриялық клиника».
Сонымен қатар сегіз заманауи перинаталдық орталық пен жеті көпбейінді балалар ауруханасын салу жоспарланған. Олар Атырау, Ақтөбе, Алматы, Шымкент, Қаскелең, Семей және Ақтау қалаларында бой көтереді. Астана мен Шымкент қалаларындағы перинаталдық орталықтардың құрылысы басталып кетті.
Жаңа медициналық мекемелер диагностика мен емдеу мүмкіндіктерін кеңейтіп, әртүрлі бейіндегі мамандардың қатысуын талап ететін күрделі жағдайларда медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ республикалық орталықтарды дамыту балаларды емдеу үшін шетелге жіберу қажеттілігін азайтуға ықпал етеді.
«ҚазМедТех» АҚ Жолдауда белгіленген міндеттерді қолдайды. Медициналық ұйымдарды жабдықтау саласында жұмыс істейтін ұйым үшін жаңа нысандарды кешенді түрде жоспарлау маңызды. Медициналық жабдықтарға деген қажеттіліктер құрылыс жобалау кезеңінің өзінде ескерілуі тиіс.
Перинаталдық медицина салаларында жабдықтарды таңдау кезінде пациенттердің жас ерекшеліктерін, бөлімшелердің бейінін және жоспарланған медициналық көмектің түрлерін ескеру қажет. Жабдықтардың өзара үйлесімділігі, медициналық персоналды даярлау және сервистік қызмет көрсетуді ұйымдастыру жаңа орталықтардың ашылған сәтінен бастап толыққанды жұмыс істеуі үшін аса маңызды.