14/09/2026
Астана қаласының №4 қалалық емханасында педиатрларға арналған халықаралық ғылыми-білім беру бағдарламасы өтіп жатыр
Астанада Түркия мен Қазақстан мамандарының қатысуымен педиатрлар мен жалпы практика дәрігерлеріне арналған үш күндік ғылыми-білім беру бағдарламасы өтуде.
Бағдарламаны Түркияның Ынтымақтастық және үйлестіру агенттігі (TİKA – Türk İşbirliği ve Koordinasyon Ajansı Başkanlığı)) және Түркияның Шығыс педиатрлар қауымдастығы ұйымдастырды. TİKA – Түркия Республикасы Мәдениет және туризм министрлігіне қарасты, халықаралық ынтымақтастық жобаларын жүзеге асыратын мемлекеттік агенттік.
Кездесудің негізгі мақсаты – балалар денсаулығын сақтау саласындағы заманауи білім мен тәжірибе алмасу, диагностика мен емдеудің жаңа тәсілдерін талқылау және екі ел дәрігерлері арасындағы кәсіби байланысты нығайту.
Түркия делегациясының жетекшісі Серхат Саманджы Қазақстан мен Түркияны ортақ тарих, жақын мәдениет және достық қана емес, балалардың денсаулығы мен болашағына деген ортақ жауапкершілік те біріктіретінін атап өтті. Оның айтуынша, мұндай кездесулер дәрігерлердің тәжірибе алмасуына және бірлескен ғылыми әрі білім беру жобаларын дамытуға мүмкіндік береді.
Медицина ғылымдарының докторы, Астана қаласы Педиатрлар қауымдастығының президенті, Астана медицина университетінің №3 балалар аурулары кафедрасының меңгерушісі Сағира Әбдірахманова бағдарламада балалар инфекциялары, шұғыл көмек, қарқынды терапия, кардиология, сирек кездесетін аурулар, респираторлық медицина, тамақтану және шала туған нәрестелерді бақылау мәселелері қамтылғанын айтты.
Үш күн ішінде мамандар балалардағы сепсис, аритмия, герпестік және стрептококкты инфекциялар, аутизм спектрінің бұзылыстары, тыныс жеткіліксіздігі, жүрек ақаулары, өте шала туған нәрестелерді жүргізу, пневмония, RSV-инфекция және басқа да өзекті тақырыптарды талқылайды. Бағдарламада клиникалық жағдайларды талдау және пәнаралық пікірталастар да қарастырылған.